ТҮРКІСТАНДА ЯСАУИ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ КАПСУЛАСЫ САЛЫНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми Саммиті аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ясауи ғылыми-зерттеу институты ғимаратының капсуласын салу рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыз айында Түркістан қаласына іссапары кезінде және Ұлттық құрылтайда Қожа Ахмет Яссауи мұрасын терең зерттеу, оны жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау және Түркістанды халықаралық ғылыми-рухани орталыққа айналдыру жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Аталған бастама — сол тапсырмалардың заңды жалғасы.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Юсуф Текин, Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджыр, Сауда министрі Өмер Болат, сондай-ақ қос елдің мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жаңа институт түркі өркениетін, сопылық ілімді, түркі халықтарының тарихи-мәдени сабақтастығын зерттейтін халықаралық ғылыми-академиялық орталыққа айналмақ. Мұнда Қожа Ахмет Яссауидің рухани-философиялық мұрасы, түркі дүниесінің тарихы, әдебиеті, мәдениеті, діні мен өркениеті кешенді түрде зерттеледі.
Алты қабаттан тұратын жаңа кешеннің жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асады. Ғимаратта Теология факультеті, Лингвистика орталығы, Түркология және Яссауитану ғылыми-зерттеу институттары, заманауи зертханалар, қолжазбалар музейі мен көрме орталығы орналасады.
Сонымен қатар, халықаралық конференциялар мен симпозиумдар өткізуге арналған 420 орындық конференция залы, оқу аудиториялары, ғылыми тағылымдамалар мен жас зерттеушілерге арналған арнайы алаңдар қарастырылған. Кешенді болашақта 1 500–2 000 студентке арналған заманауи білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде пайдалану жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1221823?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version