Қазақстанның авиация саласы тұрақтылығын сақтап, халықаралық стандарттарға сәйкестіктің жоғары деңгейін көрсетуде. Елде қажетті институционалдық база толық қалыптастырылған. Бүгінде Қазақстан әуежайларындағы авиациялық қауіпсіздік деңгейі – 95,7%, ал әуе компанияларындағы қауіпсіздік деңгейі – 82%. Бұл республикаға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) нұсқасы бойынша әлемнің үздік 20 мемлекетінің қатарына енуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды UKIMET телеграм-арнасы.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуе компаниялары 15 млн жолаушы тасымалдаса, әуежайлар 32 млн адамға қызмет көрсетіп, 173 мың тонна жүк өңдеді. Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында ішкі жолаушылар ағыны өзгеріссіз қалып, 4 млн адамнан асты. Алайда жүк тасымалы сегментінде Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты төмендеу тіркелді. Бұл жағдай аптасына шамамен 80 рейстің уақытша тоқтатылуына әкеліп, жалпы көлемнің 10%-дан астамына әсер етті.
«Рейстердің қысқаруы халықаралық жолаушылар ағынына, жүк тасымалына және әуежайлардың жұмысына тікелей әсер етті. Соған қарамастан, елдегі қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру мақсатында авиациялық оқиғаларды тергеу орталығы құрылды, сондай-ақ Авиациялық әкімшілікке жетекші халықаралық сарапшылар тартылды. ИКАО-мен бірлесіп 2050 жылға дейінгі даму жөніндегі Бас жоспар әзірленуде, оны осы жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр», — деді Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-nadezhdin/press/news/details/1223160?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау