Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қатысу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 19 мамырда Астана қаласы мәслихатында «Кедергісіз қалалық инфрақұрылымды жаңғырту және инклюзивті орта құруға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі туралы» тақырыбында әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.

Отырыс барысында Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы А.А. Аймағамбетов Департамент қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндады.

Өз сөзінде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 135-бабының нормасы күшіне енетіні атап өтілді. Жаңа талаптарға сәйкес мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін объектілердің қолжетімділік талаптарына сәйкестігін бақылау функциясы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі. Аталған функцияны іске асыру Комитеттің аумақтық департаменттеріне жүктеледі. Осыған байланысты жаңа нормалардың күшіне енуімен мемлекеттік органдардың, құрылыс салушылардың, жобалау ұйымдарының және объект иелерінің жауапкершілігі арта түсетіні айтылды.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударатыны атап өтілді. Инфрақұрылым объектілері мүгедектігі бар адамдарға, жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға, зейнеткерлерге және балалы отбасыларға қолайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс.

Департамент мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады, сонымен қатар инфрақұрылым объектілерін бейімдеу мәселелерін бақылап, заңнама талаптарының сақталуын тексереді және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Сонымен қатар қолжетімділік формальды сипатта болмауы тиіс екені ерекше атап өтілді. Пандустар, лифтілер, тактильді көрсеткіштер және басқа да инфрақұрылым элементтері адамның өздігінен әрі қауіпсіз қозғалуына нақты мүмкіндік беруі қажет. Қолжетімді орта — бұл жекелеген элементтер емес, барлық азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған кешенді жүйе.

Сондай-ақ отырыс барысында медициналық-әлеуметтік сараптама, азаматтарды МӘС-ке негізсіз жолдау және мүгедектік көрсеткіштерінің өсуі мәселелері қаралды.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті мүгедектікті белгілеу мәселелері бойынша еліміздің барлық аумақтық бөлімшелерін қамти отырып тексерулер бастағаны атап өтілді. Мүгедектікті белгілеу рәсімдерінің заңдылығын, объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде республика бойынша медициналық құжаттарды қолдан жасау белгілері бар фактілер анықталды. Бүгінгі таңда еліміз бойынша осындай 167 жағдай тіркелген. Анықталған барлық фактілер бойынша кешенді шаралар қабылдануда: бақылау куәландырулары жүргізіліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.

Сонымен қатар Астана қаласында мұндай заң бұзушылық фактілері анықталған жоқ. Жағдай Департаменттің тұрақты бақылауында, тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Іс-шара барысында қатысушыларға қажетті түсіндірмелер беріліп, барлық қойылған сұрақтарға жауаптар ұсынылды.

Отырыстың тікелей эфирдегі трансляциясы Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшада жүргізілді :https://www.facebook.com/share/v/17tY82Je2C/?mibextid=wwXIfr.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-astana/press/news/details/1223706?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version