Қарағанды облысы Полиция департаментіндегі жады мен даңқтың шырақшылары. 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Бұл мерейлі мерекені Қарағанды облысы Полиция департаменті де ерекше мәнде атап өтті. Облыстық ПД-нің жауынгерлік және еңбек даңқы музейі – жай ғана тарихи жәдігерлер сақталған орын емес, тәртіп сақшыларының ерлігі мен адал қызметінен сыр шертетін тағылымды шежіре ордасы. Бүгінде музей қорында 3,5 мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы. Әр экспонат – ел тыныштығы жолында аянбай еңбек еткен полицейлердің қайсарлығы мен қызметке деген адалдығының үнсіз куәсі. Осы рухани қазынаның сақшысы болып жиырма жылдан астам уақыттан бері Айжамал Айтжанова еңбек етіп келеді. Айжамал Бекішқызы музейдің жай ғана меңгерушісі емес, оның тұтас тарихын жүрегімен сезінетін жанашыр тұлға. Ол әр жәдігердің тарихын, әр ардагердің тағдырын терең біледі. Өз ісіне деген шексіз адалдығы мен тынымсыз еңбегінің арқасында музей бүгінде полиция тарихын құрметтейтін жандардың рухани орталығына айналған. Мерекелік шара аясында Айжамал Айтжанова музейдің тұрақты қолдаушылары мен тарих жанашырларын бір арнаға тоғыстырды. Іс-шараға аумақтық бөлімшелердегі музей жетекшілері де арнайы қатысты. Атап айтқанда, Бұқар жырау ауданы полиция музейінің жетекшісі Екатерина Пугонен, Саран қаласынан Жұлдыз Жұмашева және Шахтинск қаласынан Леонид Фролов келіп, әріптестеріне ізгі тілектерін жеткізді. Жиналған қауымды Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Мұғманов құттықтап, музейдің жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудегі және тарихи мұраны сақтаудағы маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ көпжылдық адал еңбегі мен музей ісінің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерлерге алғыс хаттар табысталды. Музей қызметкерлері тарих сабақтастығын сақтап, ерлік рухын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында шығармашылық бағытта да белсенді еңбек етіп келеді. Соның бірі – қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына арналған «Ащы қант» көркем фильмі. Аталған туынды өткеннің тағылымын бүгінгі ұрпаққа жеткізген маңызды жобаға айналды. Фильмдегі басты рөлді С. Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ театрының талантты актрисасы Нұржібек Жансүгірова сомдады. Кәсіби мереке күні актриса арнайы Полиция департаментіне келіп, музей сақтаушысы Айжамал Айтжановаға құрметін білдірді. Актриса өз құттықтауында музейге көрсетіліп отырған қамқорлық пен қолдау үшін облыстық Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамына алғысын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай жанашырлықтың арқасында музей өз жұмысын жүйелі жалғастырып, ел тыныштығы жолында жанын қиған ерлердің есімін ұрпақ жадында жаңғыртып келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1223647?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау