Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау – департаменттің негізгі қызметтік міндеттерінің бірі болып табылады.
2026 жылы республика аумағында суға бату деректері тіркеліп, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы қайғылы оқиғалар да орын алған. Ал Шымкент қаласы бойынша су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркелмеген. Бұл – алдын алу және түсіндіру жұмыстарының тұрақты жүргізілуінің нәтижесі.
Қала аумағында тұрғындардың жаппай демалуына, туризм мен спорттық іс-шараларға арналған 5 ресми орын белгіленген. Оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат берілген. Сонымен қатар, шомылу маусымында қалада 20-ға жуық аквасаябақ пен бассейн халыққа қызмет көрсетуде.
Жыл басынан бері судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында 101 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 13 мыңнан астам адам қамтылды. Аталған жұмыстар күнделікті негізде жүргізіліп, демалыс және мереке күндері күшейтілген режимде жүзеге асырылуда.
Судағы қауіпсіздік ережелерін насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, адам көп шоғырланатын орындардағы LED экрандар арқылы арнайы бейнероликтер көрсетіліп, шомылу маусымы басталғаннан бері тұрғындардың мобильді телефондарына «112» қызметі арқылы күнделікті ескерту хабарламалары жолдануда.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, су пайдалану қағидаларын бұзған азаматтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 412 және 440-баптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, 412-бапқа сәйкес судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау фактілері бойынша айыппұл қарастырылған.
2026 жылғы шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полиция қызметімен бірлескен рейдтік іс-шаралар жалғасуда. Оның аясында шомылуға тыйым салынған орындарда жүрген балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту, қауіпті әрі жабдықталмаған аумақтарға ескерту және тыйым салу белгілерін орнату, сондай-ақ балаларды жүзуге үйрету жұмыстарын жандандыру бағытындағы шаралар қолға алынған.
Шомылу маусымын қауіпсіз өткізу және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп, профилактикалық және үгіт-насихат жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1224207?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау