Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер айыппұл бойынша берешегі бар тұлғалармен жұмысты күшейтті. Негізгі назар шетел азаматтарына аударылуда. Олардың басым бөлігі — Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзғандар және СҚО аумағы арқылы транзитпен өту кезінде жылдамдықты асырып, автоматты бейнебақылау жүйелеріне тіркелген жүргізушілер.
Тәртіп сақшылары оларды анықтап, айыппұлдарды төлеу қажеттігі туралы хабардар ету шараларын қабылдауда. Жұмыс «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілуде. Іс-шараның алғашқы күнінде Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 210 құқық бұзушы шетел азаматын анықтап, оларға хабарлама берді. Олардың көпшілігі айыппұлды бірден аударым арқылы төледі.
Полицейлер еске салады: заңнамаға сәйкес алғашқы 7 тәулікте айыппұл сомасының тек 50 пайызын төлеуге мүмкіндік бар. Бұдан кейін толық соманы ерікті түрде төлеуге тағы 30 күн беріледі. Тек осы мерзім өткен соң материалдар жеке сот орындаушыларына жолданады.
Тәртіп сақшылары өңір тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың мақсаты — жазалау емес, жүргізушілер тәртібін арттыру, жол қозғалысы қауіпсіздігі мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1224511?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау