Жаңақала мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Арнайы сыныпқа Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Сәрсек Сағитовтың есімі берілді.
Іс-шараға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қадыржан Сағын, сала ардагерлері, полиция қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиын барысында қатысушылар Мемлекеттік Гимнді орындап, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жерлестерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Кейін арнайы сыныпқа қабылданған 10-сынып оқушылары ант қабылдап, «Арлан» спорт клубының мүшелік куәліктеріне ие болды.
Шара аясында «Жас сақшы» полиция сыныбының лентасы қиылып, Сәрсек Сағитовқа арналған естелік тақта ашылды. Қонақтар арнайы жабдықталған сыныппен және оқу-тәрбие бағытындағы көрнекіліктермен танысты.
Жаңақала мектеп-гимназиясы жанынан ашылған арнайы сыныпқа 16 оқушы қабылданған. Олар құқықтық сауаттылық пен заң саласы бойынша қосымша дәрістерге қатысып, болашақта құқық қорғау органдары саласында білімін жалғастыруға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, мұндай «Жас сақшы» сыныптары бұған дейін Орал қаласында, Бөрлі және Жәнібек аудандарында ашылған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1224600?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау