Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов жұмыс сапары барысында Атырау облысындағы Солтүстік Каспий экологиялық ден қою базасына барды. Ведомство басшысына Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнайдың авариялық төгілуін жоюға, авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге арналған мамандандырылған кемелер, техника мен жабдықтар таныстырылды. Сонымен қатар теңіз флотының акваторияға жедел шығуға дайындығына және өңірдің бейінді инфрақұрылымының жағдайына ерекше назар аударылды.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен Каспийдегі экологиялық қауіпсіздік жүйесін күшейту және ұлттық теңіз авариялық-құтқару инфрақұрылымын дамыту міндеті қойылған болатын. Осы тапсырмаларды орындау аясында теңіздегі төтенше жағдайларға ден қоюды, авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуді, мұнайдың авариялық төгілуін жоюды және Каспий теңізі акваториясын экологиялық қауіптерден қорғауды қамтамасыз ететін «Теңіз жасағы» АҚ құрылды.
Сапар барысында «Приморский» каналы мен ден қою базасына баратын су жолдарының кеме қатынасына жарамдылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жағдайында бұл шаралар мамандандырылған кемелердің тұрақты жұмысы мен тәулік бойы төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін ерекше маңызға ие болды. Министрдің тапсырмасы бойынша Қазақстан ТЖМ үйлестіруімен 2026 жылғы наурыз айынан бастап каналды кеңейту, тереңдету, мелиорациялау және абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Барлық іс-шаралар бюджет қаражатын тартусыз орындалды. Жүргізілген жұмыстар каналдың толық тазартылуына және мамандандырылған флотты одан әрі пайдалану үшін су маршрутының толыққанды жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен NCOC компаниясы басқарушы директорының орынбасары Жандос Оразалиев қатысты. Қайрат Нұртаев каналдың тазартылуын өңір үшін тарихи оқиға әрі теңіз инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етудегі маңызды қадам деп атады. Солтүстік Каспий жобасының басшылығы экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тиімді ынтымақтастық үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне алғыс білдірді. Сапар қорытындысы бойынша ТЖМ басшысы Каспий өңіріндегі теңіз авариялық-құтқару инфрақұрылымын дамыту және ден қою әлеуетін күшейту ведомство жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1225298?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау