Шалқардағы жаңа спорт мектебінде 800-ден астам бала спортпен шұғылданып жүр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шалқарда өңір басшысы осы көктемде ашылған В.Н. Цеханович атындағы №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болды.
Бұрын балалар талапқа сай келмейтін ескі мектеп ғимаратында жаттығатын. Кейін ол апатты деп танылып, жабылған-ды.
Бүгінде жаңа спорт мектебінде бокс, грек-рим күресі және дзюдо секциялары жұмыс істейді. Мұнда 800-ден астам бала спортпен шұғылданады. Жаттығулар заманауи ринг, күрес кілемдері және басқа да арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген спорт залдарында өтеді.

Мекемеде 55 қызметкер еңбек етеді, олардың 28-і — жас спортшыларды даярлайтын жаттықтырушылар.
Сапар барысында Асхат Шахаров спортшылар және олардың жаттықтырушыларымен кездесті. Облыс әкімі жасөспірімдердің жарыстардағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы сұрады. Республикалық аренада жеңіске жетіп жүрген көптеген жас спортшының жетістіктері туралы білген ол, олардың жоғары нәтижеге ұмтылысын ерекше атап өтті.

Өңір басшысы балалар спортын қолдау мен заманауи инфрақұрылым қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін айтты. Оның сөзінше, дәл осындай спорт нысандары дені сау, мықты әрі мақсатшыл ұрпақты тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
«Бұл заманауи спорт мектебінің ашылуы — бүкіл аудан үшін маңызды қадам. Балалар мұнда зор ықыласпен келіп, сүйікті спорт түрімен айналысады, денсаулығын нығайтып, мінезін шыңдайды. Әсіресе спортшылар санының артып келе жатқаны қуантады. Олардың арасында халықаралық жарыстардың болашақ чемпиондары бар екеніне сенімдімін. Осы мақсатта мемлекет алдағы уақытта да спорт инфрақұрылымын дамытып, жаттықтырушылар мен жастарға қолайлы жағдай жасауды жалғастырады», — деді облыс әкімі.

Қоштасу сәтінде Асхат Шахаров жас балуандарға ақжол тіледі.
«Әрқашан алдарыңызға биік мақсат қойып, оған адал еңбекпен жетіңіздер. Біз сіздердің жігерлеріңіз бен жетістікке деген ұмтылыстарыңызды мақтан тұтамыз», — деді ол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1225372?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version