Пестицидтер мен химиялық заттарды сақтау тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 3 тамыздағы № ҚР ДСМ-72 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидаларға сәйкес реттеледі.
Пестицидтерді сақтау тек санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда және арнайы жабдықталған қоймаларда ғана рұқсат етіледі. Оларды ашық алаңда немесе қалқа астында сақтауға жол берілмейді.
Қойма аумағы қоршалып, жүк түсіруге, ыдыстарды залалсыздандыруға арналған арнайы алаңдармен, сондай-ақ табиғи және механикалық желдету жүйесімен жабдықталуы тиіс. Ішкі әрлеу материалдары химиялық әсерге төзімді әрі тазалауға қолайлы болуы қажет.
Қызметкерлер жеке қорғаныш құралдарымен, алғашқы көмек қобдишасымен және залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз етіледі. Қоймаға кіруге тек жұмыс жүргізілетін уақытта ғана рұқсат беріледі.
Пестицидтерді азық-түлік өнімдерімен, мал азығымен және тұрмыстық мақсаттағы заттармен бірге сақтауға қатаң тыйым салынады. Қойма үнемі құлыптаулы болуы тиіс.
Пестицидтерді сақтау және тасымалдау тек герметикалық жабылған, тиісті таңбасы мен қолдану жөніндегі нұсқаулығы бар ыдыста жүзеге асырылады. Бүлінген ыдыстағы өнімді босатуға жол берілмейді.
Препараттардың есебі арнайы нөмірленіп, тігілген кіріс-шығыс журналында жүргізіледі, жыл сайын түгендеу жасалады. Пайдалануға жарамсыз және тыйым салынған препараттар жойылғанға дейін бөлек сақталады.
Тасымалдау қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1225567?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау