JAS TAMIR ELITE SCHOOL мектебінде “Жастар есірткісіз өмірді қолдайды” тақырыбында профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен AMANAT партиясы жанындағы “Жастар Рухы” жастар қанаты бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің мақсаты — жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, жасөспірімдердің есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру.
Шара барысында мамандар оқушыларға есірткінің зияны, оны қолданудың ауыр салдары және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған заң талаптары туралы кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Полицейлер жасөспірімдерге қаскөйлердің “оңай табыс” ұсынып, оларды есірткі жарнамасы бар граффити салуға, тыйым салынған заттарды таратуға немесе “жасырын орындарға” есірткі қалдыруға тартуы мүмкін екенін ескертті.
Тәртіп сақшылары мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін атап өтіп, күмәнді ұсыныстар түскен жағдайда бірден ата-аналарға немесе 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласуға кеңес берді.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық кездесулер жастардың өз болашағына жауапкершілікпен қарауына және салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1225566?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау