Қарағанды облысында жаңа құю зауытының құрылысы басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында жаңа құю зауытының құрылысы ресми түрде басталды. Жоба аясында жылына 10 мың тоннаға дейін өнім шығару жоспарланып отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда 250-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобаны Polymet Solutions Corporation компаниясы жүзеге асырады. 

Зауыт құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіліп, толық аяқталуы 2029 жылға жоспарланған. 

Негізгі өндіріс тау-кен-металлургия және машина жасау салаларында кеңінен қолданылатын болат футеровкалар мен ұнтақтау шарларын шығаруға бағытталады.

Жобаның басталуына болашақ өндіріс орны аумағында уақыт капсуласын салу рәсімі түрткі болды.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың айтуынша, аталған бастама өңір экономикасы үшін тек инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар жергілікті өндірістік базаны нығайтуға және жаңа кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға жол ашатын маңызды қадам.

– Бүгін біз Қарағанды облысы үшін стратегиялық маңызы бар жаңа өнеркәсіптік жобаны – Polymet Solutions Corporation компаниясының құю зауытының құрылысын бастаймыз. Инвестиция көлемі 11,4 млрд теңгені құрайды, 257 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жоба жаңа өндірістік құзыреттердің қалыптасуына, кооперациялық байланыстардың кеңеюіне, отандық жеткізушілер үшін тың мүмкіндіктердің пайда болуына, экспорттық әлеуеттің артуына және тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына серпін береді. Сондай-ақ кәсіпорын тау-кен-металлургия кешені мен машина жасау салаларына аса қажетті өнім өндіретін болады. Бұл – өңір экономикасының дәстүрлі тірегіне айналған салалар. Демек, біз тек өндіріс ошағын салып қоймай, облыстың өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, ел ішінде қосылған құнды арттырамыз, – деді Ермек Алпысов капсула салу рәсімінде.

Polymet Solutions Corporation ЖШС-нің бас директоры Қуаныш Қазанқапов жобаның 2029 жылға дейін төрт кезеңмен жүзеге асырылатынын атап өтті.

– Бүгін біз байыту фабрикаларында қолданылатын диірмендерге арналған болат футеровкалар мен ұнтақтау шарларын өндіретін ірі құю зауытының алғашқы кезеңін іске қосып отырмыз. Жоба өңір үшін стратегиялық мәнге ие және төрт кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңнің өзінде-ақ шамамен 50 жұмыс орны ашылады. Ал толық қуатқа шыққан кезде кәсіпорында 250 адамға дейін жұмыс істейтін болады, – деді Қуаныш Қазанқапов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1225276?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version