Тауарларды сыныптау – сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар үшін негізгі құралдардың бірі болып табылады. Ол экспорттау немесе импорттау кезінде өнімді дұрыс сәйкестендіруге, сондай-ақ кедендік ресімдеу барысында қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Тауарларды сыныптау деп қарастырылатын тауарларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес нақты тауар позицияларына, субпозицияларына және кіші субпозицияларына кезең-кезеңімен жатқызу түсініледі.
Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (бұдан әрі – ЕАЭО ТН ВЭД) тауарларды сипаттау және кодтау жүйесі болып табылады. Аталған жүйе кедендік-тарифтік реттеу шараларын, әкету кедендік баждарын, тыйымдар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану, сондай-ақ кедендік статистиканы жүргізу мақсатында пайдаланылады.
Бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін неге маңызды? Себебі тауарларды сыныптау мәміле құнына тікелей әсер етеді: кедендік төлемдердің мөлшері, тарифтік преференцияларды қолдану мүмкіндігі, сондай-ақ тауарларды әкелуге немесе әкетуге қойылатын шектеулер мен тыйымдар осыған байланысты айқындалады. Тауарларды дұрыс сыныптамау сыртқы экономикалық қызметке қатысушы үшін айыппұлдарға, жүктің кідіртілуіне немесе тауардан айырылуға алып келуі мүмкін. Халықаралық саудада сыныптау ашықтықты, бірыңғай қағидаларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ ЕАЭО-ның Вьетнаммен, Иранмен жасалған келісімдері немесе Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидалары шеңберінде жеңілдіктерді қолдануға мүмкіндік береді.
ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы тауарларды әкелуге немесе әкетуге дайындық барысында ең алдымен тауарларды сыныптау жүргізілуі қажет.
Осы мақсатта сыртқы экономикалық қызметке қатысушы контрагенттен тауардың физикалық сипаттамаларын, құрамын, тағайындалуын және өндіріс тәсілін қоса алғанда, қажетті ақпаратты жинауы тиіс. Мұндай ақпаратқа сипаттамалар, техникалық құжаттама, сертификаттар мен үлгілер кіруі мүмкін.
Одан кейін тауарларды сыныптау үшін келесі қағидалар мен критерийлер қолданылады:
- ЕАЭО ТН ВЭД Негізгі түсіндіру қағидалары;
- бөлімдерге, топтарға, тауар позицияларына және өзге де құрылымдық элементтерге қатысты түсіндірмелер мен ескертпелер;
- жекелеген тауар түрлерін сыныптау жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдері мен түсіндірмелері.
Нәтижесінде тауардың коды дұрыс айқындалуы тиіс.
Дәл анықталған код негізінде кедендік төлемдер есептеледі. Қолданылатын баж мөлшерлемелерін ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифінен, яғни үшінші елдерден Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріне әкелінетін тауарларға қатысты барлық мүше мемлекеттер үшін бірыңғай қолданылатын әкелу кедендік баждарының жиынтығынан, сондай-ақ «KEDEN» ақпараттық жүйесінен көруге болады.
Тарифтік емес реттеу құжаттарын дайындау кезеңі де маңызды болып табылады. Оларға шығу тегі сертификаттары, техникалық реттеу талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттар, лицензиялар мен рұқсаттар жатады. Қажетті құжаттардың тізбесі де ТН ВЭД коды негізінде айқындалады. Бұдан бөлек, тауар кодын білу инвойстарды, орау парақтарын, көлік құжаттарын және өзге де маңызды құжаттарды дайындауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратын тауарларды дұрыс сыныптауды бақылауға байланысты кедендік декларациялау кезеңіндегі уақыт шығындарын болдырмау мақсатында тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдерді, сондай-ақ ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы бөлшектелген немесе жиналмаған, оның ішінде толық жинақталмаған немесе аяқталмаған күйде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімдерді пайдалануға болады.
Тауарларды сыныптау туралы шешімдер «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 4-тарауына сәйкес мемлекеттік кірістер органдарымен қабылданады.
Мұндай шешімдер оларды қабылдаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында қолданылады.
Декларанттың немесе кеден өкілінің ТН ВЭД коды бойынша декларацияланатын мәліметтердің дұрыстығы үшін жауапты екенін есте ұстаған жөн.
Тауарларды қате сыныптау қосымша шығындарға, айыппұл санкцияларына және тіпті тауардың тәркіленуіне алып келуі мүмкін.
Тауарлардың құнын дұрыс емес декларациялайтын жосықсыз сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолданыстағы заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.
ТН ВЭД-ке сәйкес тауарларды сыныптау жүйесі тұрақты түрде өзгертіліп және жаңартылып отырады. Жекелеген тауарларға жаңа кедендік кодтар берілуі, сондай-ақ арнайы сыныптау қағидалары өзгертілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер туралы өзекті ақпараттың болмауы тауарды дұрыс емес сыныптауға және кеден заңнамасының талаптарын бұзуға алып келуі ықтимал. Осыған байланысты арнайы шарттарға жататын тауарларды сыныптау кезінде ақпараттың өзектілігін үнемі тексеріп, халықаралық тауар сыныптамасындағы соңғы өзгерістерден хабардар болу қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-gdu/press/news/details/1225560?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау