Бүгін, 22 мамыр күні Ақтау әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталған аналарды қабылдап, оларға құрмет көрсетті.
Салтанатты жиында 6 көпбалалы анаға «Алтын алқа», ал 34 анаға «Күміс алқа» табысталды. Өз сөзінде қала әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп аналардың қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін жеткізді.
– Ана — отбасының ғана емес, елдің де берекесі мен тірегі. Сіздердің бала тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбектеріңіз бен өнегелі өмір жолдарыңыз өскелең ұрпақ үшін үлкен үлгі. Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарды қолдау әрдайым назарда болады. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, — деді Бекзат Жүсіп.
Өз кезегінде көпбалалы аналар көрсетілген құрмет пен қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1226893?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау