АУДАН БАСШЫСЫ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Келес ауданында көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының орындалу барысы бойынша мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалық етіп, жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Атап айтқанда, Абай, Алпамыс батыр, Біртілек және Қошқарата ауылдық округтерінің әкімдері арнайы қатысып, өз аумақтарындағы әскерге шақыру жұмыстарының барысы жөнінде есеп берді.
Жиында аудан бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың саны, белгіленген жоспардың орындалуы және әскерге жіберілген азаматтар жөніндегі мәліметтер кеңінен талқыланды. Әскерге жөнелтілген азаматтардың басым бөлігі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына жіберілген. Сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметіне де сарбаздар қабылданған.
Жиын барысында кейбір ауылдық округтердегі көрсеткіштердің төмен екені айтылып, жауапты тұлғаларға жұмысты жандандыру тапсырылды. Атап айтқанда, Біртілек ауылдық округінде жоспардың орындалуы 71,4 пайызды, Ошақты ауылдық округінде 70 пайызды құраса, Алпамыс батыр және Қошқарата ауылдық округтерінде көрсеткіш төмен деңгейде қалып отыр.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жауапты тұлғаларға әскери міндетті азаматтарды уақытылы медициналық тексеруден өткізіп, заң талаптарына сәйкес әскерге жөнелту жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
— Әскерге шақыру – ел қауіпсіздігіне тікелей қатысты маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстарға бейжай қарауға болмайды. Әрбір ауылдық округте түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ата-аналармен де жүйелі байланыс орнату қажет. Жоспарлы көрсеткіштердің уақытылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болады, – деді аудан басшысы.
Мәжіліс қорытындысында жауапты мекемелерге көктемгі әскерге шақыру науқанын белгіленген мерзімде толық әрі сапалы аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1226885?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version