Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға қол қойды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Еске сала кетейік, Сенат депутаттары екі оқылымда қарап, мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер туралы Заңды және оған ілеспе түзетулерді мақұлдаған болатын.
Заң мемлекеттік қызметтің тартымдылығын едәуір арттыруға және білікті мамандарды ұстап қалуға бағытталған кешенді шараларды көздейді. Атап айтқанда, бір лауазым шеңберінде көлденең мансаптық өсу тетігі енгізіледі.
Лауазымдардың төрт деңгейі белгіленеді, олардың әрқайсысында еңбекақы мөлшері әртүрлі болады. Қызметтік ілгерілеу қызмет нәтижелерін бағалауға, оқыту мен тағылымдамадан өтуге байланысты болады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жалақысы кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде индекстеледі.
Әлеуметтік кепілдіктерге де ерекше назар аударылған. Мемлекеттік қызметшілерді басқа елді мекенге ауыстырған кезде көтерме жәрдемақы мен көшу шығындарын өтеу төлемдері қарастырылған.
Кемінде 25 жыл еңбек өтілі бар және мемлекеттік немесе ведомстволық наградалары бар қызметкерлерге зейнетке шыққанда біржолғы сыйақы төлеу көзделген.
Мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты қосымша ақылы демалыс күндері енгізіледі: 10 жылдан бастап – 3 күн, 15 жылдан бастап – 5 күн, 20 жылдан бастап – 10 күн.
Отбасылық жағдайларға байланысты қысқа мерзімді ақылы демалыстар беріледі. Заңсыз жұмыстан босатылған немесе лауазымы төмендетілген жағдайда қызметке қайта қалпына келтірілген мемлекеттік қызметшілерге жалақы немесе жалақы айырмасы (алты айдан аспайтын мерзімге) өтеледі.
Сонымен қатар, тәртіптік жауапкершілік жүйесі жетілдіріледі: жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі, жауапкершілікті болдырмайтын жағдайлар айқындалады, сондай-ақ тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімі екі айдан алты айға дейін белгіленеді.
Бұдан бөлек, алдын алу шаралары енгізіледі: ескерту, әңгімелесу және құзыреттерді тексеру. Мемлекеттік қызметшілерді қызметтік міндеттерін орындау барысында заңсыз араласудан қорғау кепілдіктері күшейтіледі.
Сондай-ақ ашықтық пен цифрландыру күшейтіледі. Іріктеу рәсімдері «Е-қызмет» жүйесі арқылы электрондық форматқа көшіріледі, сондай-ақ кандидаттарды алдын ала даярлау институты енгізіліп, кейін конкурссыз жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылады.
Ілеспе заң 18 заңнамалық актіге, соның ішінде Еңбек кодексі мен «Халық денсаулығы туралы» кодекске өзгерістер енгізеді. Мемлекеттік қызметшілерді міндетті медициналық тексеруден өткізу қарастырылған, сондай-ақ ауылдық жерлердегі учаскелік полиция инспекторлары үшін еңбек өтілін жеңілдетіп есептеу енгізіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-birzhan-sal-stepnyak/press/news/details/1226539?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау