Нью-Йорк, 2026 жылғы 20 мамыр – Қазақстан Республикасы Бразилия, Иордания, ҚХР, Франция, Оңтүстік Африкамен, сондай-ақ Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен (ХҚКК) бірлесіп, халықаралық гуманитарлық құқыққа (ХГҚ) саяси бейілділікті жандандыру жөніндегі Жаһандық бастаманы ілгерілетуді жалғастыруда.
2024 жылғы қыркүйекте алты мемлекет бастамашылық жасаған бұл жоба қарулы қақтығыстардың салдарын жеңілдету, бейбіт тұрғындардың зардап шегуін азайту және азаматтық инфрақұрылымды сақтау мақсатында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын құрметтеу, қорғау, сақтау және адал қолдануды қамтамасыз ету жөніндегі шараларға серпін беруге арналған.
Осы бастаманы іске асырудағы маңызды практикалық қадам БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бейбіт халықты қорғау жөніндегі жыл сайынғы ашық дебаттарының алдында өткен баспасөзге ресми шығу шарасы болды. Шара барысында алты бастамашы ел бірлескен мәлімдеме жасап, оған тағы 83 мемлекет қосылды (жалпы алғанда құжатты 89 ел мен Еуроодақ делегациясы қолдады).
Бірлескен мәлімдемеде бүкіл әлем бойынша шамамен 130 қарулы қақтығыста бейбіт тұрғындар тап болатын қабылданғысыз шынайы жағдайларға байланысты ерекше алаңдаушылық білдірілді. Мемлекеттер соғыс жүргізу ережелерін қатаң сақтауды басты басымдыққа айналдыруға шақырды, БҰҰ-ға мүше барлық елдерді осы маңызды бастамаға (оған қазірдің өзінде 111 мемлекет ресми түрде қосылды) қосылуға, сондай-ақ үстіміздегі жылдың 7 желтоқсанында Иорданияда өтетін соғыс кезіндегі адамгершілік жөніндегі қорытынды конференцияға ең жоғары деңгейде қатысуға үндеді.
Кейінірек, Қауіпсіздік Кеңесінің ашық дебаттары барысында Қазақстан Республикасының делегациясы бейбіт халықты қорғау және қақтығыстардың түпкілікті себептерін жүйелі түрде жою жөніндегі бірінші кезектегі шаралар туралы өз пайымын таныстырды. Халықаралық қоғамдастықтың тарапынан Қазақстанның қақтығыс аймақтарынан 750-ден астам әйел мен баланы репатриациялау және оларды сәтті реинтеграциялау бойынша оң ұлттық тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды.
Әлемдегі гуманитарлық жағдайдың күрт нашарлауы аясында Қазақстан авторларының бірі болған жоғарыда аталған Жаһандық бастама саяси бағыттары әртүрлі мемлекеттерді біріктіруші факторға айналғанын атап өтеміз.
Бастама туралы толығырақ ақпаратпен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.icrc.org/en/global-initiative-international-humanitarian-law.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1226993?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау