Биыл Достастыққа Түрікменстан төрағалық етуде. ТМД ҮБК отырысы басталар алдында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов үкіметтік делегациялар басшыларын қабылдады.
Кездесуде сауда-экономикалық және көлік-транзиттік ынтымақтастық, сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда көлемі $125,3 млн-ды құрады. Бұл ретте экспорт қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту есебінен 15%-ға өсті. Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Министрлер кабинеті екі мемлекет басшылары жүктеген тауар айналымын арттыру жөніндегі міндеттер жоспарлы түрде жүзеге асырылып келе жатқаны атап өтілді.
ТМД ҮБК отырысына Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан үкіметтерінің басшылары, Түрікменстан мен Арменияның өкілдері, сондай-ақ ТМД-ның Бас хатшысы қатысты.
Шағын форматтағы отырыста ТМД-ға мүше елдердің экономикалық өзара іс-қимылына қатысты өзекті мәселелер талқыланды, онда геодезия, картография, кеңістіктегі деректер саласындағы ынтымақтастық бойынша мемлекетаралық бағдарламаны жүзеге асыру барысы туралы есеп қабылданды. Кеңейтілген құрамдағы отырыс шеңберінде үкіметтік делегация басшылары ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия кешені салаларын цифрлық трансформациялау тұжырымдамасының жобасын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын, ТМД-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған конгресстік-көрме қызметінің стратегиясын қарады.
ҚР Премьер-министрі ТМД тау-кен металлургия кешені салаларын цифрлық трансформациялау тұжырымдамасын қабылдау және жүзеге асыру өнеркәсіпті жаңғыртуға әрі технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін беретінін атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ТМД-ның негізгі көлік артерияларын ұштастыру тұжырымдамасы жүктерді жедел тасымалдау үшін инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Бұл көлік шығындарын қысқартады және көлік маршруттарының бәсекеге қабілеттілігін, олардың халықаралық жүк жөнелтушілер мен инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады, сондай-ақ ТМД-ға мүше елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мүддесінде көлік дәліздерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 2027 жылы Минск қаласын (Беларусь Республикасы), 2028 жылы – Қарағанды қаласын (Қазақстан Республикасы) ТМД жастарының астанасы деп жариялау туралы шешім қабылданды. Халықаралық жоба азаматтардың жас буынын мемлекетаралық қатынастардың барлық салаларында орнықты даму бағдарламаларын жүзеге асыруға тартуға бағытталған.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы осы жылдың желтоқсан айында Мәскеу қаласында өтеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-turkmenbashi/press/news/details/1227033?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау