Алматыда қатерлі ісікті ертерек анықтай бастады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматының қалалық емханаларында скринингтік тексеруді қолға алғанның арқасында онкологиялық ауруды ерте анықтай бастады. Биылғы төрт айда мамандар онкологиямен ауырған 1962 адамды тапқан. Олардың басым бөлігі I–II сатысында анықталыпты. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Жанна Қожаева онкологиялық көмек пен осы қатерлі ісіктің алдын алу барысы туралы жан-жақты тарқатып айтты.

Оның айтуынша, ауруды ерте анықтау науқастың сәтімен емделіп, сауығып кету мүмкіндігін едәуір арттырады екен.

«Ауруы анықталғандар санының артуы аурушаңдық өсті деген сөз емес. Бұл Алматыда скринингтік жұмыстың тиімді жүргізіліп жатқанын, ауруды ертерек анықтауға мүмкіндік бар екенін білдіреді», – деді Жанна Қожаева.

Қалада ең көп таралған онкологиялық ауру түрінің қатарында сүт безі обыры тұр. Ол анықталғандардың 17,1%-ын, колоректальды обыр – 10,5%-ын, қалқанша безі обыры – 5,7%-ы мен өкпе обыры – 5,5%-ын құрайды.

Алматыда скринингтік бағдарлама мен жатыр мойны обырының алдын алуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцинация мәселесі де қамтылған. Спикердің айтуынша, бүгінде әйелдер арасындағы онкологиялық аурудың таралуын азайтудың ең негізгі төте жолы – профилактика мен ауруды ерте бастан анықтау болып отыр.

Төрт ай ішінде 50 мыңнан астам әйел жатыр мойны обырынан, сүт безі обырынан 73 мыңнан астам адам, шамамен 82 мың адам колоректальды обырдың бар-жоғын тексерген.

Скрининг нәтижесінде 175 онкологиялық ауру табылып, олардың басым бөлігін ертерек анықтаған. Қатерлі ісіктерді 0–I сатысында ерте анықтау көрсеткіші 44,6%-ды құрады. Сонымен қатар көзге көрінетін III–IV сатыдағы асқынған қатерлі ісік түрлерінің көрсеткіші 5,6%-ға дейін төмендепті.

Онкологиялық орталықтың мәліметінше, Алматыда қазір 37 766 онкологиялық науқас диспансерлік есепте тұр екен. Әр бесінші науқас арнаулы медициналық көмек алу үшін еліміздің басқа өңірінен келіпті.

Биылғы төрт айда Алматыға басқа өңірден 372 онкологиялық науқас келген. Оның ішіндегі 95 адам ауруын асқындырып алып дәрігерге қаралыпты.

«Бұл пациенттердің біздің мамандар мен көрсетілетін медициналық көмектің сапасына сенім білдіретінін көрсетеді», – деп атап өтті спикер.

Осы уақытта Алматы онкологиялық орталығында 9449 пациент ем қабылдаған. 928 ота жасалып, олардың жартысынан көбі аз инвазивті әдістермен орындалған.

Сондай-ақ орталықта дәрілік және сәулелік терапия бағыттары дамытылып келеді. Химиотерапиялық емді 8256 пациент алған, тағы 6844 адам қажетті дәрі-дәрмекпен амбулаториялық түрде қамтамасыз етілген. Сәулелік терапиядан 333 пациент өткен.

Жанна Қожаеваның айтуынша, ауруды ерте анықтау мен замандық емдеу әдістерінің арқасында Алматыда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші төмендеп жатыр. Биылғы төрт айда бұл 3,6%-ға азайған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1227479?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version