Медицина қызметкерлері күні қарсаңында сырқатынан айығып, қалыпты тіршілікке қайта оралуына себепкер болып жүрген ақ халатты абзал жандарға ерекше алғыс айтылады. Солардың бірі – Алматы №36 қалалық емхананың массаж медбикесі, денсаулық сақтау саласында 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Бойдақбаева Рыскүл Оңалбайқызы.
Рыскүл Оңалбайқызы 1965 жылы Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Ақжазық ауылында дүниеге келген. Жамбыл атындағы мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы Республикалық медициналық училищеге түсіп, медбике мамандығын игерді.
Еңбек жолын Жаркент қаласындағы аудандық ауруханада бастап, бес жыл қызмет етті. Кейін перзентхананың патология бөлімінде, Алматы қалалық паллиативтік көмек орталығында, сондай-ақ Қалқаман ықшамауданындағы №7 емхананың физиотерапия бөлімінде еңбек етті.
Қазір Рыскүл Оңалбайқызы Алматы №36 қалалық емхананың оңалту бөлімінде массаж медбикесі болып жұмыс істейді. Ол күн сайын сырқаттан, жарақаттан немесе отадан кейін оңалтуды қажет ететін балалар мен ересектердің сауығуына үлес қосып келеді. Ем алушылар оның кәсіби біліктілігімен қатар, әр адамға ілтипатпен қарап, жылы сөзімен жігер бере білетін жанашырлығын ерекше атап өтеді.
Рыскүл Оңалбайқызының айтуынша, медицина қызметкерінің міндеті – тек ем-дом жасау емес, адамның сауығып кететініне сенім ұялату.
– Кейде жан жылуының өзі дәріден артық шипа болады, – дейді ол.
Көп жылғы табанды еңбегі мен мамандығына адалдығы үшін Рыскүл Бойдақбаева 2024 жылы «Мамандыққа адалдығы үшін» марапатталды. Бұдан бөлек, ол бірнеше алғыс хаттың иегері.
Көп жылдық тәжірибе, кәсіпке деген адалдық және адамға шынайы жанашырлық – мұндай мамандарды денсаулық сақтау саласының берік тірегіне айналдырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1227477?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау