Облыс орталығында ҚР Парламенті Сенатының бастамасымен ұйымдастырылған «Senat Open-2026» шахматтан III Ашық кубогының іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті.
Турнирге барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, өңірлік Қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер және өзге де шахмат әуесқойлары қатысты.
«Senat Open» – ақыл-ой, әділдік пен ұмтылыстың бәсекесі. Осындай бастамалар шахмат мәдениетін, патриотизмді және салауатты бәсекелестікті дамытуға серпін береді. Бұл турнир – еліміздің зияткерлік болашағына қосылған маңызды үлес», – деді өз сөзінде Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов.
Турнирді ұйымдастыруға дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат, мәдениет, білім басқармалары мен өзге де мемлекеттік мекемелер қолдау көрсетті.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Атбасар қаласының өкілі Константин Вихренко жеке есепте жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, бірқатар арнайы номинациялар бойынша үздіктер анықталды.
«Үздік депутат» номинациясы Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Мереке Жүсіповке табысталды. Әйелдер арасында көкшетаулық Айсұлу Ғаббасова үздік шахматшы атанса, мемлекеттік қызметшілер арасында Жақсыдан келген Руслан Жұмалинов топ жарды. Ал күш құрылымдарының өкілдері арасында Степногорск қаласының қатысушысы Ерлан Төрімбетов жеңіске жетті.
Командалық есепте Көкшетау қаласының құрамасы бірінші орын иеленсе, Шортанды ауданы екінші, Степногорск қаласы үшінші орынға тұрақтады.
Турнир қорытындысында үздік шыққан 35 шахматшы 15 маусымда Қостанайда өтетін жартылай финалға жолдама алды. Аталған кезеңде Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары бақ сынайды.
Ал «Senat Open-2026» Ашық кубогының финалдық кездесулері 26 маусымда Астанада өтеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1227753?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау