Бүгін М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Өнер – өмірдің өрнегі» атты мерекелік салтанатты шара өтті.
Айтулы мерекелік жиынға аудан әкімі Мажит Самитов қатысып, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, елдің айнасы, халықтың болмысын айқындайтын асыл құндылық. Ал сол баға жетпес мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ұлттық өнеріміз бен руханиятымызды жаңғыртып жүрген сіздердің еңбектеріңіз қашанда зор құрметке лайық. Ауданымыздың мәдениет саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген барша сала мамандары мен ардагерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді аудан әкімі.
Салтанатты шара барысында мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер мен өнер жанашырлары облыс әкімінің, облыс әкімінің орынбасарының және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік кеш жергілікті өнерпаздардың қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсем ән мен күмбірлеген күйден құралған кеш мәдениет пен өнерге көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-zhanakorgan/press/news/details/1227752?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау