Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Павлодар қаласын аралап, абаттандыру, жол жөндеу, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жұмыс сапары аясындағы алғашқы нысан Олжабай батыр көшесі, 13 мекенжайы болды. Мұнда қала әкімі Хасар Хабылбеков абаттандыру жұмыстарының барысын таныстырды. 2026 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен 100 аулаға асфальт төсеуге қаражат бөлінді. Бүгінде 13 аулада жұмыстар толық аяқталып, тағы 17 аулада жалғасуда. Сонымен қатар, қалада 50 балалар ойын алаңы мен 5 ірі ойын кешенін орнату жоспарланған: «Балалық шақ» скверінде, «Достық» шағын ауданында, «Оңтүстік» саябағында, Малайсары батыр мен Смоленская көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Теміржолшылар кентінде бой көтереді. Бұдан бөлек, 2026 жылы облыс орталығында 10 жаңа шағын футбол алаңы және 80 көше жаттығу тренажеры орнатылатын болады.

Асайын Байханов абаттандыру жұмыстарына кешенді түрде қараудың маңызын атап өтті.
– Барлық жұмыстар сапалы әрі тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып жүргізілуі тиіс. Балалар алаңдарының қауіпсіздігіне, жарықтандыруға және қолданылатын материалдардың сапасына ерекше назар аудару қажет, – деп тапсырды облыс әкімі.

Одан кейін өңір басшысы Сұрағанов көшесі, 20 мекенжайы бойынша орналасқан шағын скверге барды. Мұнда аумақты жоспарлау, кеспе тастар төсеу, жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, жаңа орындықтар, шатырлар мен әткеншектер қойылды. Жалпы, қалада 15 шағын скверді абаттандыру жоспарланған.

Жұмыс сапары №24 балабақшада жалғасты. Қазіргі уақытта мұнда жаңа ойын алаңдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. 140 орынға арналған балабақша соңғы жылдары кезең-кезеңімен жаңартылуда: шатырын жөндеуден бастап терезелері мен асфальт жабынын ауыстыруға дейінгі жұмыстар атқарылды. Жалпы, биылғы жазда қаланың 22 балабақшасына 225 ойын кешенін орнату жоспарланып отыр.

Орталық стадионда облыс әкімі футбол алаңындағы жасанды жабынды ауыстыру жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда жаңа жасанды жабын төселіп, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылуда, аумағы 1350 шаршы метр болатын шағын футбол алаңын сырлау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жаттығу, бокс және қалпына келтіру залдары дайындалуда. Бұдан бөлек, жеңіл атлетика манежінің шатыры мен батыс жақтағы трибунаны жөндеу жоспарланған. 12 мыңға жуық көрерменге арналған стадион бүгінде мыңнан астам спортшының жаттығу базасы болып табылады.

Жұмыс сапары барысында қаланың жол инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінді. Толстой көшесі, 66 мекенжайындағы жедел жәрдем станциясы аумағында жолдарды орташа жөндеу және әлеуметтік нысандар аумағын асфальттау бағдарламасының жүзеге асырылу барысы таныстырылды. 2026 жылы Павлодарда жалпы ұзындығы 45 км құрайтын 23 көше орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылып отыр. Қазіргі уақытта 9 көшедегі жұмыстар аяқталып, тағы 6 көшеде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, 12 мектеп пен 8 медициналық мекеменің аумағын асфальттау қарастырылған.

Асайын Байханов жолдарды жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды.
– Барлық мердігер ұйымдар бекітілген технологиялар мен мерзімдерді сақтауы тиіс. Материалдар мен атқарылған жұмыстардың сапасын мемлекеттік стандарттар мен қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес әрбір кезең сайын қатаң бақылау қажет. Жобалау кезінде көлік қозғалысының қарқыны мен жүктемесін ескеру керек, – деп атап өтті өңір басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі квартал ішіндегі жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылуда. Жалпы қайта жаңғыртылатын желілердің ұзындығы 11 км асады. Бұл жұмыстар тұрғын үй аудандарын жылумен қамту сенімділігін арттыруға бағытталған.

Жұмыс сапарының қорытынды нысаны 110/10 кВ «Сарыарқа» қосалқы станциясы болды. Мұнда жабдықтарды қалпына келтіру және пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкіміне ағымдағы жөндеу жұмыстары мен электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру шаралары туралы баяндалды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асайын Байханов бірқатар тапсырмалар берді: абаттандыру және жол жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды қамтамасыз ету, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына бақылауды күшейту, қоғамдық кеңістіктердің қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне ерекше назар аудару, инженерлік желілерді жөндеуді аулаларды абаттандыру жұмыстарымен үйлестіру, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімдері туралы тұрғындарды хабардар етуді қамтамасыз ету.

Өңір басшысы жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар павлодарлықтардың өмір сапасын арттыруға және жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Есенжол Исабек

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1227790?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version