Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің шымылдығы түріліп, мәдени шара Бәйдібек ауданының мәдени күндерімен бастау алды.
Фестиваль аясында келушілерге ауданның мәдениеті мен тыныс-тіршілігін танытатын арнайы бағдарламалар ұсынылады. Атап айтқанда, ұлттық қолөнер бұйымдарының шеберлік сағаттары, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен қатар өңірдің тарихи мұрасы мен әлеуметтік-мәдени жетістіктері кеңінен насихатталды.
Кешкі уақытта «Керуен сарай» сахнасында аудан өнерпаздары мен қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары қатысатын ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды. Әсем ән мен күмбірлеген күй, ұлттық нақыштағы сахналық қойылымдар көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Айта кетейік, «Өнерлі өлке» фестивалі – ұлттық өнерді ұлықтап, өңірлер арасындағы мәдени байланысты бекемдейтін тағылымды жоба. Рухани құндылықтарды дәріптеген фестиваль халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттап, өнер арқылы ел бірлігін айшықтай түседі.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/1227901?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау