Ақтөбе облысы мен Ұлыбритания ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорсимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар білім беру, экология, туризм, инвестиция және технология салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Елшіні қарсы алған өңір басшысы Ұлыбританияның Қазақстанның маңызды халықаралық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, Ақтөбе облысының британдық компаниялармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

«Біз өңірдің тұрақты дамуына бағытталған бастамалар мен жобаларды қолдауға дайынбыз. Әсіресе туризмді дамыту, гуманитарлық және мәдени байланыстарды нығайту, мәдениетаралық диалогты күшейту және екіжақты қарым-қатынасты кеңейту біз үшін маңызды», – деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ ол британдық жанкүйерлердің Ақтөбедегі футбол мәдениетіне қызығушылық танытуы екі ел арасындағы қоғамдық және мәдени байланыстардың нығаюының бір көрінісі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Салли Аксуорси сөзін қазақ тілінде бастап, кездесу қатысушыларымен амандасты.

Елші Ұлыбританияның Ақтөбе облысымен серіктестікті дамытуға, әсіресе білім беру, стратегиялық маңызды минералдар, технологиялар және инвестициялар саласында қызығушылық танытып отырғанын айтты.

«Біз үшін Heriot-Watt британдық университетінің Ақтөбеде табысты дамып келе жатқанын көру ерекше маңызды. Мен студенттерге жасалған жағдайлармен және оқу процесінің ұйымдастырылуымен таныстым. Бұл – Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы тиімді білім беру ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Аталған жоба жастарға өз елінен шықпай-ақ халықаралық деңгейдегі британдық білім алуға мүмкіндік береді», – деді Елші.

Сонымен қатар ол стратегиялық маңызды минералдарды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталып, Ақтөбе облысындағы жобаларды жүзеге асыруға британдық компанияларды тарту мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Тараптар экология және климаттық күн тәртібі мәселелеріне, сондай-ақ «жасыл» технологиялар мен тұрақты даму бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларына ерекше назар аударды.

Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1228458?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version