✔️Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімінің тұрғындармен есепті кездесуі Бөген ауылында өтті. Кездесу барысында аудан әкімі елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндап, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерге жауап берді.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, ашық форматта өткен жиында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері назардан тыс қалмады.
✔️Жиында былтырғы кездесуде көтерілген Кенжебаев атындағы мектепті газ жүйесіне қосу мәселесі толық шешімін тапқаны айтылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауылдағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отырғаны жеткізілді. Аудан басшысы алдымен жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысы басталып, кейін мәдениет үйін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.
✔️Кездесу барысында ЛБК каналын төменге түсіру мәселесі Отырар ауданымен және «Тұран су» мекемесімен бірлесіп шешілетіні баяндалды.
✔️Ауыл шаруашылығын дамыту бағытында аудан әкімі тамшылатып суғару жүйесіне мемлекет тарапынан 80 пайыз көлемінде субсидия қарастырылғанын айтып, шаруаларды су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге шақырды.
— «Судың да сұрауы бар». Сондықтан бүгінгі күні су үнемдеу технологиясына көшу — уақыт талабы, — деді аудан басшысы.
✔️Сонымен қатар, ауданға инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да кеңінен сөз болды. Бүгінде аудан аумағында жаңа өндіріс орындары ашылып, бірқатар зауыттар жұмысын бастап кеткені, ал кей инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу кезеңінде тұрғаны айтылды. Сондай-ақ, Темірлан ауылындағы өндірістік парк бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылып, бұл жобалардың жаңа жұмыс орындарын ашуға және аудан экономикасының дамуына серпін беретіні атап өтілді.
✔️Бөген ауылында инфрақұрылым саласында да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Жәнібек көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғаны айтылды. Сонымен қатар, ауылға қажетті ойын және спорт алаңшаларын салу мәселесі тұрғындармен бірлесе ақылдаса отырып шешілетіні жеткізілді.
✔️Бұдан бөлек, ауылда жаңа өрт сөндіру ғимараты салынып, пайдалануға берілгені айтылды. Аудан әкімі «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар тұрақты жалғасатынын айтып, тұрғындарды ауыл тазалығына бейжай қарамауға шақырды.
— «Тазалық — табалдырықтан басталады». Әр тұрғын өз ауласын таза ұстаса, бұл ауыл тазалығына қосқан үлкен үлес болар еді, — деді аудан басшысы.
✔️Жиында тұрғындар тарапынан су ұңғымасын қазу, жайылым жер, Р-1-5 және Р-2 каналдарына латок орнату, ағын су мәселелері көтерілді.
✔️Сондай-ақ, медициналық пунктке тіс дәрігеріне арналған қосымша штат ашу қажеттігі айтылып, ауыл қарияларына көңіл бөлу мәселесі қозғалды.
— «Қариясы бар үйдің қазынасы бар». Үлкендерімізді құрметтеп, оларды қоғамдық іс-шаралардан шет қалдырмау — баршамыздың міндетіміз,-деді аудан әкімі.
Кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауап алды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1228027?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау