Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 25 сәуірдегі №1242 «Жоғары білікті мамандарды, шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлерді тарту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатындағы көші-қон саясатын жетілдіру шаралары туралы» Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының көші-қон саясатын реформалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз.
Аталған Жарлық шетелдік инвестицияларды, жоғары білікті мамандарды тартуға және елдің технологиялық әрі экономикалық өсімін қамтамасыз ету мақсатында адами капиталды дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Реформаның негізгі бағыттары ретінде мыналар айқындалды:
- негізінен рұқсат беру және квотаға негізделген көші-қон саясатынан шетелдік инвесторлар мен сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды тартуға бағытталған ынталандырушы модельге көшу;
- ел экономикасының дамуына үлес қосатын шетел азаматтарының ұзақ мерзімді тұруы мен қызмет етуіне арналған бәсекеге қабілетті резиденттік режим қалыптастыру;
- иммиграциялық рәсімдерді, оның ішінде «бір терезе» қағидаты бойынша жеңілдету және цифрландыру;
- Қазақстанды шетелдік инвесторлар, білікті кадрлар мен таланттарды тартатын өңірлік хаб ретінде дамыту.
Жарлықты іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін бірқатар жаңа тетіктер мен қолдау шараларын енгізуді жоспарлап отыр, оның ішінде:
- инвесторларға, білікті қызметкерлерге және уақытша жұмысшыларға арналған қолданыстағы визалық санаттарды біріздендіру;
- шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға арналған «Алтын виза» бағдарламасын енгізу;
- мемлекеттік қызметтерді қашықтан алу үшін «QazETA» бірыңғай цифрлық платформасы мен «e-Residency» жүйесін құру;
- шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының дипломдарын автоматты түрде тану;
- шетелдік мамандардың лицензияланатын қызмет түрлеріне қолжетімділігін жеңілдету;
- шетелдік мамандар мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық және білім беру қызметтеріне қолжетімділік беру;
- шетелдік IT-мамандар мен технологиялық компанияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасау.
Шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілердің назарын төмендегі мәселелерге аударамыз:
- Қазақстан Республикасының көші-қон және еңбек заңнамаларындағы өзгерістерді уақтылы бақылау;
- шетелдік қызметкерлермен еңбек қатынастарын рәсімдеу кезінде белгіленген талаптарды сақтау;
- шетелдік мамандарды тартуды жоспарлау барысында енгізіліп жатқан цифрлық сервистер мен жаңа визалық тетіктерді ескеру;
- шетелдік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасында болған кезеңінде тиісті қолдау көрсетуді қамтамасыз ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-social/press/news/details/1228585?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау