Қазақстанда 4 млн-ға жуық оқушы оқу жылын аяқтайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда он бірінші сынып оқушылары үшін мектеп бітіру іс-шараларын өткізу тек білім беру ұйымдарының базасында көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады.

Министрдің мәліметінше 25 мамырда барлық білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары!» тақырыбында бірыңғай тәрбие сағаттары өткізіліп, оқу жылы қорытындыланды.

Биыл елімізде 3,9 млн оқушы білім алды. Оның ішінде мектеп қабырғасында 343 мың оқушы – 9-сыныпты, 215 мың оқушы – 11-сыныпты аяқтайды. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 13 175, «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны 11 сыныпта – 18 555, 9 сыныпта – 31 181 оқушыны құрайды. Биылғы оқу жылында 763 колледжде 168 мың студент оқуын аяқтайды. Алдағы уақытта – 29 мамыр мен 15 маусым аралығында 9 және 11-сынып бітірушілерінің қорытынды аттестаттауы өтеді. Емтихандардың ашықтығы мен академиялық адалдығын қамтамасыз ету мақсатында материалдар білім беру ұйымдарына тікелей емтихан күні жолданады.

«11-сынып түлектеріне аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі 17–18 маусым күндеріне жоспарланған. Іс-шараларды тек білім беру ұйымдарының базасында өткізу тапсырылды. Мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға және заңсыз қаражат жинауға тыйым салынды. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы қабылданды. Әкімдіктер бұл мәселені ішкі істер органдарымен бірлесіп қатаң бақылауда ұстауы өзекті»,
— деп атап өтті министр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/1228445?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version