Қазақстанда техникалық оңалту құралдары үшін өтемақының кепілдендірілген сомасын есептеу әдістемесі қайта қаралды. Қайта қарау жұмыстары мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен (ТОҚ) қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру аясында жүргізілген.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының міндетін атқарушы Наталья Литке мәлімдеді.
– Өткен айда Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынатын техникалық оңалту құралдары үшін өтелетін кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесі қайта қаралды. Бұған дейін кепілдендірілген сома Портал деректері, мемлекеттік сатып алу мәліметтері және жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары негізінде анықталатын. Енді есептеу Әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық дүкеннің деректеріне негізделіп, кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграцияланады, – деп түсіндірді Наталья Литке.
Оның айтуынша, өзгерістердің басты мақсаты – техникалық оңалту құралдарының құнын есептеуді барынша ашық, объективті әрі нарықтағы нақты бағаға жақындату.
Ақпараттық жүйелер толық дайын болғаннан кейін және тауарлардың нарықтық бағалары туралы нақты мәліметтерді алу мүмкіндігі пайда болған соң ұсынылатын кепілдендірілген бағаларды қалыптастыру автоматтандырылады.
– Бұл субъективті факторды болдырмауға, бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қолдауды азайту туралы сөз болып отырған жоқ. Мемлекет негізсіз шығындарды жоюға ұмтылады, осылайша қаражат сапалы, заманауи әрі сұранысқа ие техникалық оңалту құралдарына бағытталады, – деп атап өтті Наталья Литке.
Сондай-ақ ол өзгерістердің күтілетін нәтижелері ретінде баға қалыптастырудың ашықтығын арттыруды, ТОҚ құнын әділ айқындауды, адам факторын болдырмауды, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды, оңалтудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруды атады.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1228785?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау