25 мамырдағы Соңғы қоңырау — оқушылар, ата-аналар мен педагогтер үшін маңызды әрі қуанышты мереке. Алда балаларды жазғы демалыс, ал түлектерді үлкен өмірдің жаңа кезеңі күтіп тұр. Мерекелік күннің тыныш әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Қабылданып жатқан шаралардың негізгі мақсаты — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейіндегі салтанатты жиынға қатысты. Ол оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәттілік тіледі, ал барлық оқушыларға каникулды пайдалы өткізіп, Қазақстан Республикасының азаматтары ретіндегі құқықтары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Бұл күні мектептердегі іс-шараларға полицияның түрлі бөлімшелерінің басшылары мен тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылған. Патрульдік полиция қызметкерлері, ювеналдық полицейлер мен учаскелік инспекторлар білім беру ұйымдарының маңында қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Тәртіп сақшылары ата-аналарға еске салады: балаларға көңіл бөліп, олардың каникул кезіндегі бос уақытын бақылау — кәмелетке толмағандардың қатысуымен немесе оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды тәсілдерінің бірі.
26 мамырға қараған түні өңірде ювеналдық полиция инспекторларының қатысуымен профилактикалық рейдтер мен жергілікті тексеру іс-шаралары өткізіледі. Олар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1228996?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау