Абай облысында 2,8 млрд теңге инвестиция құйылған ірі жобаға қатысты заңсыз әкімшілік шараға тосқауыл қойылды. Прокуратура араласуынан кейін 184 жұмыс орнын ашуды көздейтін инвестор әкімшілік жауапкершілікке негізсіз тартылудан қорғалды.
Абай облысының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, автожанармай құю станциялары желісін салып жатқан «Gaz&Мұнай» ЖШС-ның құқығын қорғады.
Құрылыс кезеңінде табиғатты қорғау полициясы серіктестікке абаттандыру қағидаларын бұзды деген негізбен әкімшілік хаттама толтырған. Наразылық қоршаудың болмауы мен құрылыс материалдарының орналастырылуына байланысты туындаған.
Алайда әкімшілік іс материалдарын зерделеу барысында заңнама талаптарының дұрыс қолданылмағаны анықталды.
Құрылыс материалдары кәсіпорынның өз аумағында орналасқан және қоғамдық кеңістікке шығарылмаған. Осыған байланысты абаттандыру қағидаларын қолдануға құқықтық негіз болмаған.
Нәтижесінде Семей қаласының прокуратурасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғауға келісім бермеді. Осылайша, инвесторды заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартудың жолы кесілді.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, «прокурорлық сүзгі» тетігі аясында инвесторларға қатысты кез келген әкімшілік ықпал ету шаралары прокуратура органдарымен міндетті түрде келісіледі.
Абай облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды +7 707 144 00 16 нөмірі немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kzpi/press/news/details/1229228?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау