Ерейментау диқандарының ерен еңбегі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ерейментау диқандарының ерен еңбегі
Көктем – жер-ананың бусанып, тіршіліктің тамырына қан жүгіретін, ал ақ білек диқан қауымы үшін «бір күні жылға азық болатын» ең жауапты, сындарлы кезең. Бүгінде Ерейментау ауданының кең байтақ алқаптарында қызған еңбек пен таңсәріден қара кешке дейінгі тынымсыз тіршіліктің куәсі боласыз. Топырақтың бабын тауып, ырыс емген шаруалар үшін мамырдың әрбір күні алтынға бергісіз.
Мамыр айының соңына қарай ауданның агроөнеркәсіп кешені маңызды белестерді бағындырып үлгерді. Биылғы маусымда егіс алдындағы жер өңдеу жұмыстары 62,2 мың гектар аумақта толықтай, яғни 100 пайызға орындалып, қара жер дән қабылдауға әзірленді. Қазіргі сәтте аудан бойынша жалпы егіс көлемі 84 145 гектарға жетіп, межелі жоспардың 76,2 пайызы еңсерілді. Дала төсінде 30-дан астам қуатты техника тізгіндеген азаматтар күн райының құрғақтығына (0 мм жауын-шашын) қарамастан, аптап ыстық пен шаңға бой бермей, уақытпен жарыса еңбек етуде.
Осынау қыз-қыз қайнаған еңбек майданында ауданның іргелі серіктестігі – “Новомарковка 2010” шаруашылығы ерекше оқшауланып, егіс науқанын алғашқылардың бірі болып салтанатты түрде аяқтады. «Жер – ырыстың көзі, еңбек – табыстың көзі» деген қағиданы ту еткен ұжым өз иелігіндегі “13 мың гектарға жуық” құнарлы алқапты толықтай игеріп, болашақ мол өнімнің берік іргетасын қалады. Заманауи агротехнологияларды шебер шендестірген бұл шаруашылықтың жетістігі – бүкіл ауданның азық-түлік қауіпсіздігіне қосылған қомақты үлес әрі өзгелерге дем берер нақты үлгі.
Аудан диқандары биыл тек дәстүрлі бидай егумен шектелмей, нарық сұранысына сай әртараптандыруға басымдық бергенін де атап өткен жөн. Мәселен, берекелі бидай дақылы 42 000 гектарға себіліп, жоспарлы түрде жүріп жатса, арпа мен сұлы алқаптары да өз деңгейінде. Тіпті сұлы егісі жоспардан 170 пайызға асып түсті. Биылғы жылдың нағыз «жұлдызы» ретінде жасымықты (чечевица) айтуға болады, оның көлемі жоспарланған межеден 2,6 есеге (262,1%) артып, 3 931 гектарды құрады. Бұған қоса зығыр (12 086 га), күнбағыс (4 615 га) және жүгері дақылдары да егістік сәнін кіргізіп тұр. Мал шаруашылығының негізі саналатын біржылдық және көпжылдық шөптер егісі де жүйелі атқарылуда. Сонымен қатар, аудан тұрғындары да өз аулаларында бау-бақша өнімдерін егуді белсенді жүргізіп, картоп отырғызу жоспарын 100 пайызға (60 га) орындап шықты.
«Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас» демекші, білікті маман мен техниканың күшін біріктірген Ерейментау шаруаларының бұл қажырлы еңбегі еш кетпесі анық. Топыраққа тасталған әрбір дән – ертеңгі елдің несібесі, халықтың берекесі. Науқан сәтті аяқталуға жақын, ендігі жалғыз тілек – Көк аспаннан игілікті жауын жауып, ерейментаулық еңбеккерлердің қырманы астыққа, қоймасы аққа толғай!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-ereymen/press/news/details/1229470?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version