Семей қаласында Абай облысы білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп, оған Ақсуат ауданының білім бөлімі қызметкерлері мен мектеп директорлары қатысты.
Жиында 2025–2026 оқу жылының қорытындылары шығарылып, білім сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер талқыланды. Сондай-ақ педагогтер әріптестерімен тәжірибе алмасып, білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді бөлісті.
2025–2026 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі нәтижелері бойынша еліміздің «100 үздік олимпиадалық мектебі» тізіміне Абай облысынан үш білім беру ұйымы енді. Олар – «Білім-инновация лицейі», Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия және солардың қатарындағы Ақсуат ауданының «Сасан би атындағы орта мектебі» КММ. Бұл – облыс пен аудан үшін үлкен жетістік әрі қуантарлық жаңалық.
Алқа мәжілісінде оқу жылының қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, бірқатар марапаттар табысталды. Ақсуат ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинеті «Үздік әдістемелік кабинет» номинациясын иеленіп, 500 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
«Үздік әдіскер» номинациясы мен 200 000 теңгелік сертификат «Ақсуат ауданының білім бөлімі» ММ әдіскері Жагипаров Еркін Сартайұлына табысталды.
Сонымен қатар, «Ақсуат ауданының білім бөлімі» ММ «Үздік сайт» номинациясын жеңіп алып, 500 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
Марапат иелерін шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарына толағай табыс, шығармашылық жетістіктер тілейміз. Сонымен қатар, білім саласының дамуына қосар үлестерінің арта беруіне тілектестік білдіреміз.
Оқу жылын қорытындылап, тосын сый жасап, әр саладағы еңбекті бағалап, марапаттар табыстап жатқан Абай облысы білім басқармасына алғысымыз шексіз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aksuat-bilim/press/news/details/1241339?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау