Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Мойынқұм ауданында азаматтарды әлеуметтік қолдау және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде Мойынқұм ауданы прокуратурасының үйлестіруімен пробация қызметінің есебінде тұрған азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Аталған шара құқық бұзушылық жасаған азаматтарды қайта әлеуметтендіру, олардың қалыпты өмір салтына оралуына қолдау көрсету және қоғамға толыққанды бейімделуіне мүмкіндік жасау мақсатында жүзеге асырылды. Мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде азаматтың тұрғын үй мәселесі оң шешімін тауып, оған жаңа баспананың кілті табысталды.
Тұрғын үй беру рәсіміне Мойынқұм ауданының прокуроры, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері, Жастар ресурстық орталығының мамандары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және салаға жауапты мекеме өкілдері қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар қоныс иесін жаңа баспанасымен құттықтап, алдағы өміріне сәттілік пен береке тіледі.
Пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу, оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау және қоғамға бейімдеу болып табылады. Осы ретте тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі азаматтардың тұрақты өмір сүруіне, еңбекпен қамтылуына және әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсер ететін маңызды факторлардың бірі саналады.
Мойынқұм ауданы прокуратурасының үйлестіруімен жүзеге асқан бұл бастама мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін көрсетіп отыр. Мұндай жұмыстар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
Бүгінде аудан прокуратурасы мемлекеттік мекемелермен және құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Бұл ретте жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, құжаттандыру, кәсіптік бағдарлау және тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша нақты шаралар қабылдануда.
Алдағы уақытта да Мойынқұм ауданы прокуратурасы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етуге және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1241692?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау