Өскеменде үй жағдайында жабдықталған фитозертхана анықталды
«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шығыс Қазақстан облысының полицейлері есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін анықтады.
Санкцияланған тінту барысында жедел қызметкерлер пәтердегі жатын бөлменің есірткі құрамды өсімдіктерді өсіруге бейімделгенін анықтаған. Полицейлер қажетті микроклиматты қамтамасыз етуге арналған арнайы техникалық құрал-жабдықтарды, сондай-ақ арнайы ыдыстарға отырғызылған 12 түп қарасораны тәркіледі.
Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген өсімдіктер есірткі құрамды болып табылады. Олардың тамыр жүйесін есептемегендегі жалпы салмағы 384 граммды құрады.
Жауап алу барысында пәтер иесі тұқымдарды 2025 жылдың қараша айында жеке пайдалану мақсатында тапсырыс бергенін айтқан. Сонымен қатар медициналық куәландыру нәтижесі оның ұсталған сәтте каннабиноидтарды қолдану салдарынан есірткілік масаң күйде болғанын көрсетті.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1242647?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау