«Ұлы дала құпиялары – Талды» халықаралық симпозиумы өтті
Қарағанды облысының Талды тарихи-археологиялық паркінде «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы дала құпиялары – Талды» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Ауқымды шараға Қазақстан, Түркия, Германия, Венгрия және Ресейден келген археологтар, антропологтар және ғылыми зерттеушілер қатысты.
Симпозиум барысында Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, археологиялық ескерткіштерді сақтау, заманауи ғылыми зерттеу әдістерін қолдану және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Ғалымдар Талды өңірінің ежелгі тарихын зерттеу бойынша жаңа ғылыми деректер мен жаңалықтарды таныстырды.
Форум аясында антропология, археология, археоботаника және археометрия салаларындағы зерттеулердің нәтижелері ұсынылды. Сондай-ақ Талды алқабынан табылған археологиялық жәдігерлердің көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге сақ дәуірінің құнды мұралары, көне қару-жарақтар, әшекей бұйымдар және көшпелілердің тұрмыстық заттары таныстырылды.
Қатысушылар Талды тарихи-археологиялық кешенінің маңыздылығын атап өтіп, бұл өңірдің Ұлы дала өркениетінің тарихын терең зерттеуге мүмкіндік беретін бірегей ғылыми алаң екенін жеткізді. Симпозиум халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтып, Қазақстанның археологиялық мұрасын әлемдік деңгейде танытуға жаңа серпін берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet-taldy/press/news/details/1242714?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау