Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Медицина қызметкері мамандығы – қоғамдағы ең мәртебелі әрі жауапты мамандықтардың бірі. Адам өмірі мен денсаулығын сақтау жолында қызмет ету үлкен білімді, жоғары кәсібилікті, табандылық пен жанашырлықты талап етеді. Сіздер осы жауапты міндетті абыроймен атқарып, халық денсаулығын сақтау ісіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірінші байлық – денсаулық. Ұлт саулығы – еліміз үшін ең қымбат құндылық. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі», – деп атап өткен болатын.
Бүгінде медицина қызметкерлерінің еңбегін қолдау, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және медициналық инфрақұрылымды жаңғырту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Бұл – ақ халатты абзал жандардың еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі.
Ақжайық ауданында да денсаулық сақтау саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету, аурулардың алдын алу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл жетістіктердің барлығы сала мамандарының кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыс, кәсіби жетістіктер мен жаңа белестер тілеймін.
Медицина қызметкері күні құтты болсын!
Құрметпен,
Ақжайық ауданының әкімі
Мұрат Сердалин
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-akzhaik/press/news/details/1245006?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау