2026 жылғы 16 маусымда Қапал ауылдық округінің әкімі Ж. Жарылқасынның төрағалығымен округ аумағында орналасқан мекемелер мен ұйымдардың бірінші басшыларының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті.
Кеңестің негізгі мақсаты – округ аумағында нашақорлықтың таралуына жол бермеу, есірткі құралдарының заңсыз айналымының алдын алу және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстарды күшейту болды.
Кеңесті ашқан округ әкімі нашақорлыққа қарсы күрес мемлекеттік органдардың, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының және құқық қорғау органдарының ортақ міндеті екенін атап өтті. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастарды есірткінің зиянды әсерінен қорғау, олардың құқықтық және азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес барысында Қапал ауылдық ауруханасының бас дәрігері А. Тойлыбаева қатысушыларды денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстармен таныстырды. Өз баяндамасында ол нашақорлықтың алдын алу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ медициналық есепте тұрған азаматтарды тұрақты бақылауда ұстау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар, тәуекел тобына жататын азаматтарды ерте анықтау және оларға қажетті медициналық көмек көрсету жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Кеңес барысында білім беру ұйымдарының рөліне ерекше мән берілді. Жалпы білім беретін мектептер мен колледж басшыларына оқушылар мен студенттер арасында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қатысты «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыруға бағытталған жан-жақты түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Осы мақсатта тақырыптық кездесулер, дәрістер, сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер және басқа да профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, ата-аналармен бірлескен жұмыстарды жандандыру, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді.
Қапал ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторларына өз құзыреті шеңберінде бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылды күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру тапсырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің, сондай-ақ құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылдарын одан әрі жетілдіру жөнінде нақты міндеттер белгіленді. Қатысушылар нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды кешенді түрде жүзеге асыру ғана қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Аталған бағыттағы жұмыстар Қапал ауылдық округі әкімінің тұрақты бақылауында болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-aksu-qapal/press/news/details/1245005?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау