Ақтау қаласында нашақорлыққа қарсы айлық аясында рейдтік және ақпараттық-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шараларға Маңғыстау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының қызметкерлері, еріктілер және қоғам белсенділері қатысты.
Рейд барысында тұрғын үйлердің қабырғаларында және қоғамдық орындарда орналасқан, есірткі құралдарын жарнамалайтын және заңсыз интернет-дүкендердің мекенжайлары көрсетілген наркограффити жазбалары анықталып, жойылды. Нәтижесінде ондаған заңсыз жазба өшірілді.
Сонымен қатар қала тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, есірткінің зияны, оның заңсыз айналымы үшін көзделген жауапкершілік және салауатты өмір салтының артықшылықтары туралы ақпарат берілді. Іс-шара барысында ақпараттық брошюралар таратылды.
Аталған шаралардың негізгі мақсаты – жастар арасында есірткінің таралуына жол бермеу, есірткі қылмыстарының алдын алу және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Полиция азаматтарды есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар мен заңсыз жарнамалар туралы ақпаратты құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1245573?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау