КЕЛЕС: ҚОШҚАРАТАДА КӨПІР МӘСЕЛЕСІ БАҚЫЛАУДА, СПОРТ НЫСАНЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округінде тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Инфрақұрылымды дамыту, елді мекендердің тазалығын сақтау және спорт нысандарын жаңғырту бағытында нақты шаралар қолға алынған.
Өткен жылдың соңында Келес өзені үстінен өтетін, аудан орталығын Ұшқын елді мекенімен байланыстыратын көпірдің тіреу бөлігін су шайып кету салдарынан нысан апатты жағдайға түскен болатын. Тиісті мекемелер дер кезінде әрекет етіп, жол қозғалысына шектеу қою арқылы адам шығыны мен төтенше жағдайлардың алдын алды.
Қазіргі таңда жаңа көпір салуға қажетті жобалық-құжаттамалық жұмыстар жүргізілуде. Ал тұрғындардың қатынасын үзбеу мақсатында құлаған көпірден 200 метр қашықтықта ұзындығы 30 метр болатын уақытша металл көпір орнатылып, халық игілігіне берілген. Бұл тұрғындардың аудан орталығымен және көршілес елді мекендермен қатынасын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, ауылдық округте санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты бақылауда. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауыл аумағында жүйелі түрде сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Бүгінде 30 ауыл тұрғыны қоғамдық ақылы жұмыстарға тартылып, елді мекендердің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосуда.
Ауылдық округ әкімдігі әр аптаның жұма және сенбі күндерін тазалық күндері ретінде белгілеп, көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Атқарылған жұмыстар туралы ақпарат тұрғындарға әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде жарияланып отыр.
Спорт саласында да оң өзгерістер бар. Қошқарата ауылдық округіне қарасты Мақташы елді мекеніндегі шағын футбол алаңында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жеке кәсіпкердің қолдауымен қолға алынған бұл жоба аяқталғаннан кейін ауыл жастарының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалып, бұқаралық спорттың дамуына серпін береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1245572?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version