Аудан әкімі елді мекен тұрғындарымен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ағымдағы жылдың маусым айында аудан әкімі Мажит Самитов барлық кент және ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесулерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалар және тұрғындардың өзекті мәселелері талқыланды.

Аудан басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалығын сақтау және экологиялық жағдайын жақсарту – барша тұрғынның ортақ міндеті екеніне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын құрметтеу және кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың маңызы жан-жақты түсіндірілді.

Тұрғындар тарапынан газдандыру, электр желілерін жаңғырту және жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Қазіргі уақытта елді мекендер мен аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және қайта жаңғырту жұмыстары негізінен шешімін тапқан.

Төменарық ауылына жүргізілген жоғары қысымды газ құбырының бойындағы 5 елді мекенді (Еңбек, Сунақата, Қожамберді, Сүттіқұдық, Екпінді) газдандыру жоспарлануда. Аталған ауылдарды газдандыруға арналған жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілді және қаржыландыру үшін жоғары тұрған бюджеттерге бюджеттік өтінімдер жолданды.

Осы 5 елді мекенді газдандыру үшін жоғары қысымды газ желісін тарту жобасы жасалып, биылғы жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар Сырдарияның батыс бетінде орналасқан Қожакент, Өзгент, Ақсуат, Ақжол, Жаңарық және Қыркеңсе ауылдарын газдандыру жобалары дайындалып, 2026–2030 жылдары жүзеге асырылатын «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның инвестициялық жобалары жол картасына енгізілді. Жақын арада Қожакент елді мекеніне дейінгі жоғары қысымды газ құбыры мен ауылішілік газ желілерінің құрылысы басталуы күтілуде.

Бұдан бөлек, Жаңақорған ауданының оңтүстік бөлігіндегі ауылдарға табиғи газ жеткізу мақсатында демеушілік қолдау арқылы «Бесарық» автоматтандырылған газ тарату станциясы мен Қосүйеңкі елді мекенін газдандыруға арналған жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды.

Жаңақорған ауданындағы 35 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне толық қосылған.

Жаңақорған кентінің «МАИ бекеті» және «Алтыкрант» мөлтек аудандарында жаңадан салынған 1500-ге жуық тұрғын үйді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қосымша су тарату станциясы мен су желілерін салу жобасы жүзеге асырылды.

2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қордан қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып, қазіргі уақытта толық аяқталды. Жақын күндері пайдалануға берілетін болады.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, аудандағы электр тарату желілерінің тозу деңгейін 75 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету мақсатында 2022–2025 жылдары 22 жоба әзірленді.

2023–2025 жылдары 10 елді мекенде (Келінтөбе, Қожакент, Еңбек, Тақыркөл, Жаңарық, Бірлік, Қандөз, Екпінді, Ақсуат, М.Нәлібаев) электр желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Қазіргі уақытта 5 жоба бойынша (Манап, Құттықожа, Сунақата, Әбдіғаппар, Аққұм) құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Қалған 7 жобаға (Қожамберді, Қосүйеңкі, Өзгент, Түгіскен, Баспақкөл, Аққұм, Көктөбе) қаржыландыру мәселесін шешу үшін тиісті министрліктер мен ведомстволарға бюджеттік өтінімдер жолданды.

Кездесулер барысында аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Аудан әкімі Мажит Самитов тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын және олардың шешілуі үшін жүйелі жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты жалғасып, ауданның көркеюіне, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға оң ықпал ететінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-zhanakorgan/press/news/details/1245569?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version