«Аю-тас» балаларды сауықтыру лагерінде Шал ақын ауданы прокуратурасының, полиция бөлімінің және төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен «Заң және тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру, сондай-ақ жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу болды. Кездесу барысында мамандар балаларға өз құқықтары мен міндеттері туралы айтып, Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтаудың маңыздылығын және құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылатынын түсіндірді. Ерекше назар буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мәселелеріне, қоғамдық орындарда және интернет желісінде қауіпсіз мінез-құлық қағидаларына аударылды. Ақпаратты балаларға түсінікті түрде жеткізу мақсатында танымдық бейнероликтер мен мультфильмдер көрсетілді. Онда кейіпкерлердің мысалында тәртіп ережелері мен заң талаптарын бұзуға байланысты әртүрлі өмірлік жағдайлар бейнеленді. Көрсетілімнен кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері балалармен бірге көрген материалдарды талқылап, құқық бұзушылықтардың салдарын түсіндіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Балаларға су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары, арнайы жабдықталмаған орындарда шомылуға болмайтындығы және ересектердің қарауынсыз су маңында жүруге тыйым салынатыны ескертілді. Сонымен қатар төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі түсіндірілді. Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жол қозғалысы ережелерін тағы бір мәрте түсіндіріп, жолдан өту кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігін және жеке мобильді көлік құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын еске салды. Лагерь тәрбиеленушілері әңгімеге белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, қауіпсіздік ережелері бойынша жақсы білімдерін көрсетті. Осындай іс-шаралар балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін арттыруға, заң мен қоршаған ортаға құрметпен қарауға тәрбиелеуге, сондай-ақ түрлі өмірлік жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын нығайтуға ықпал етеді.
«Аю-тас» лагерінің әкімшілігі балалармен маңызды әрі мазмұнды профилактикалық жұмыс жүргізгені үшін прокуратура, полиция бөлімі және төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлеріне алғысын білдіреді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-shalakynroo/press/news/details/1246768?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау