Ернат Бәзіл Жетісу университетінің үздік түлектерін марапаттады
Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Гуманитарлық факультетін тәмамдаған түлектерге диплом табыстау рәсіміне қатысты.
Салтанатты жиында қала басшысы жоғары оқу орнын сәтті аяқтап отырған жас мамандарды маңызды белеспен құттықтап, олардың алдағы кәсіби жолдарына сәттілік тіледі.
Өз сөзінде Ернат Бәзіл жастардың елдің жарқын болашағын қалыптастырудағы рөліне тоқталып, олардың алған білімдерін ел игілігіне жұмсап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ қала әкімі оқу мен қоғамдық жұмыстарда ерекше белсенділік танытқан 20-дан астам түлекке «Үздік түлек» және «Белсенді қоғамдық қызмет үшін» төсбелгілерін, сондай-ақ үздік дипломдарды салтанатты түрде табыстады.
Айта кетейік, биыл 50 жылдық тарихы бар І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін күндізгі бөлім бойынша 250 студент бакалавр дәрежесімен тәмамдады. Оның ішінде 35 түлек үздік диплом иегері атанса, 9 түлек педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды.
Салтанатты шара жас мамандарға ақ жол тілеп, олардың жетістіктерін марапаттаумен қорытындыланды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1245495?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау