Медицина қызметкері күні қарсаңында біз санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету жолында ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп келе жатқан жандармен таныстыруды жалғастырамыз.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Санитариялық қызмет тарихының келесі бір жарқын беті – өз өмірінің қырық жылдан астам уақытын таңдаған мамандығына адал қызмет етуге және халық денсаулығын қорғауға арнаған Сарманғалиева Роза Абылғазықызының есімімен байланысты.

Роза Абылғазықызы еңбек жолын 1986 жылы Ерейментау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында бастады. Содан бері оның бүкіл кәсіби қызметі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесімен тығыз сабақтасып келеді.

Бүгінде Роза Абылғазықызы Ерейментау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында бас маман болып қызмет атқарады. Ол көптеген жылдар бойы эпидемиологиялық қадағалау бағытын үйлестіріп келеді және бұл жауапты жұмысты бүгін де абыроймен жалғастыруда.

Эпидемиологиялық қадағалау – күн сайынғы қажырлы еңбекті талап ететін маңызды сала. Оның аясында жұқпалы аурулардың таралуына мониторинг жүргізіледі, эпидемиологиялық ахуалға талдау жасалады, профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіледі, сондай-ақ халықты вакцинациялаумен қамту деңгейіне тұрақты бақылау жүзеге асырылады. Вакцинация көрсеткіштерінің әрбір пайызының артында тұрғындармен жүргізілген түсіндіру жұмыстары, сансыз кездесулер мен жүйелі бақылау жатыр.

Әріптестері Роза Абылғазықызын жоғары білікті маман, жауапты әрі талапшыл қызметкер ретінде сипаттайды. Ол кез келген жағдайда көмек қолын созуға дайын, күрделі мәселелердің тиімді шешімін таба білетін тәжірибелі маман. Оның кәсіби құзыреттілігі, адамдарға деген ілтипаты және өз ісіне деген шынайы адалдығы әрдайым көпшілікке үлгі.

Кәсіби мереке қарсаңында Роза Абылғазықызына көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1245665?lang=ru

Exit mobile version