Шығыс Қазақстан облысында сынап бағанасының күрт жоғарылуына байланысты су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары адам көп жиналатын демалыс орындарында патрульдеу жұмыстарын күшейтті.
Бұқтырма су қоймасы аумағында қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау жүргізу мақсатында рейд ұйымдастырылды. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша үш құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Жедел әрекет ету үшін құтқарушылар қуатты қозғалтқыштармен, навигациялық құралдармен, байланыс жүйелерімен және тіршілікті қамтамасыз ету жабдықтарымен жарақтандырылған заманауи катерлерді пайдаланады. Жаз басталғалы бері құтқарушылар 200-ден астам патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Негізгі мақсат – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу. Мыңдаған демалушы қамтылып, оларға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді, – деп хабарлады ШҚО ТЖД өкілдері.
Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері екі адам суға батып кетті.
ШҚО ТЖД мамандары тұрғындарға тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға кеңес береді. Судағы қауіпсіздіктің маңызды шарттарының бірі – қайықпен, катермен, катамаранмен және скутермен серуендеу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау.
Суға шығар алдында міндетті түрде құтқару кеудешелерін кию қажет. Сонымен қатар қайықтан, катамараннан және катерден суға секіруге, жүзу құралын белгіленген нормадан артық жүктеуге тыйым салынады. Қайықтың немесе катердің бортына отыруға, бір орыннан екінші орынға ауысуға, бір қайықтан екіншісіне өтуге болмайды.
Төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-shemonaiha-vavilon/press/news/details/1247022?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау