Республика аумағында өтіп жатқан «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласынан заңсыз келуші шетел азаматын ұстады.
Көршілес мемлекеттің азаматы бұған дейін де еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысында сот шешімімен елден шығарылған.
Алайда, 38 жастағы ер азамат Қазақстанға келуге шектеу қойылғанына қарамастан, заңсыз қайта кірген. Бұл ретте ол мемлекеттік шекарадан жаяу түрде оңтүстік өңірлер арқылы өткен.
Жүргізген жедел іс-шаралар барысында заңсыз келушінің Ақтөбе облысының аумағында жүргені анықталды. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде полиция қызметкерлері шекарадан заңсыз өткен шетелдікті Ақтөбе қаласында ұстады. Құқық бұзушы қамауға алынды.
Мемлекеттік шекарадан заңсыз өту (ҚК 392-б.) дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 8-12 маусым аралығында елімізде көші-қон қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Шараның алғашқы күнінде полиция өңірде көші-қон заңнамасын бұзған 70 шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1248114?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау