Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімшенің жауынгерлерін тарта отырып жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында өңір аумағында есірткі заттарын сатумен айналысқан деген күдікке ілінген 38 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстады.
Санкцияланған тінту барысында оның тұрғылықты жеріндегі қойма үй-жайынан екі ұңғылы аңшы мылтығы мен оған арналған оқ-дәрілер, травматикалық және пневматикалық тапаншалар, револьвер, сондай-ақ Ф-1 гранатасы мен оқ-дәрілер табылып, тәркіленді.
Күдіктінің қылмыстық байланыстарын анықтау барысында оның танысы да ұсталды. Жалға алынған пәтерде жүргізілген тінту кезінде полицейлер гашиш майы (WAX) құйылған 70 құтыны, сондай-ақ заңсыз қызметтен түскен болуы мүмкін ақшалай қаражатты тәркіледі.
Аталған фактілер бойынша аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция есірткінің заңсыз айналымы мен қаруды заңсыз сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Өңірде есірткі қылмысының жолын кесу және оны ұйымдастырушыларды анықтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1248122?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау