Бүгін, 29 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиында балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу және шомылу маусымы кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Отырысты ашқан өңір басшысы адам өмірі мен денсаулығын, әсіресе балалардың қауіпсіздігін сақтау басты басымдық екенін атап өтіп, төтенше жағдайлардың алдын алу барлық мемлекеттік органдардың жүйелі әрі үйлесімді жұмысын талап ететінін жеткізді.
Құзырлы органдардың мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында балалардың терезеден құлау оқиғалары тіркеліп, оның үшеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдарға тұрғындар арасында профилактикалық жұмысты күшейту, көпқабатты үйлерде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алу, сондай-ақ жаңа тұрғын үй кешендерін терезе қорғаныш құрылғыларымен жабдықтау жұмыстарын жандандыру тапсырылды.
Сонымен қатар су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы бағытта ескерту белгілері мен ақпараттық тақталарды көбейту, рейдтік іс-шараларды күшейту, тұрақты патрульдеуді қамтамасыз ету және судағы қайғылы жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдау міндеттелді.
Отырысты қорытындылаған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай адам өмірінің бағасы жоқ екенін, әсіресе балаларға қатысты кез келген төтенше жағдайлардың алдын алу қажет екенін атап өтті.
«Балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігі мәселесінде формалды тәсілге жол беруге болмайды. Әрбір жауапты мекеме төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс. Профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауға алу қажет. Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне, судағы демалысты ұйымдастыруға ерекше назар аударып, әрбір лауазымды тұлғаның жауапкершілігін арттыру керек», – деді өңір басшысы.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға, қалалар мен аудандар әкімдіктеріне анықталған кемшіліктерді жою, профилактикалық шараларды күшейту, балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қабылданған барлық шешімдердің орындалуын тұрақты бақылауға алу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1249913?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау