Тунис, 2026 жылғы 27 маусым – Тунисте өткен Инвестициялық форум аясында Қазақстан Республикасының Елшісі Әнуарбек Ахметов Тунис Премьер-министрі Сарра Заафрани Зензримен, Экономика және жоспарлау министрі Самир Абдельхафидпен, Сауда және экспортты дамыту министрі Самир Абидпен, Тунис Орталық банкінің басқарушысы Фетхи Зухайр Нуримен, Тунис қаласының губернаторы Имед Бухриспен, сондай-ақ елдің жетекші мемлекеттік және жеке компанияларының басшыларымен кездесті.
Кездесулер барысында Елші сұхбаттастарын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси бағдармен, жаңа Конституцияның күшіне енуімен, елдің қазіргі экономикалық жағдайымен, инвестициялық ахуалымен және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарымен таныстырды.
Премьер-министр С.Заафрани Зензри Қазақстанның Инвестициялық форумға қатысуын құптап, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға Тунис Үкіметі жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Экономика және жоспарлау министрі С.Абдельхафид іскерлік байланыстарды жандандырудың және бизнес-делегациялар алмасуды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Тунис, әсіресе автомобиль жасау, көлік, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеуетке ие.
Сауда және экспортты дамыту министрі С.Абид Қазақстанды Тунис үшін жаңа стратегиялық маңызы бар әріптес ретінде сипаттады. Ол өзара тауар айналымын едәуір арттыруға мүдделілік білдіріп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға дайын екенін растады.
Тунис Орталық банкінің басқарушысы Ф.З.Нури екі ел де қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, инфляцияны төмендетуге және банк секторын нығайтуға бағытталған жауапты макроэкономикалық саясат жүргізіп отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан мен Тунистегі тұрақты әрі либералды ақша-несие саясаты ұзақ мерзімді инвестициялық әріптестіктің берік негізін қалайды.
Сонымен қатар, Елші Тунис Сыртқы істер министрлігінің бейінді департаменттерінің бас директорларымен, Орталық мемлекеттік кітапхана мен елдегі ең көне Муниципалдық опера театрының басшылығымен келіссөздер өткізді.
Кездесулер қорытындысы бойынша Тунистің мемлекеттік органдарының, қаржы институттарының және іскер топтарының өкілдері Қазақстанға, оның экономикалық әлеуетіне, технологияларына және жүргізіліп жатқан реформаларына үлкен қызығушылық танытып, сондай-ақ ел басшылығына саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыруға тілектестік білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-algeria/press/news/details/1249164?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау