Білімнен – қызметке: Абай облысында үздік түлектеріне полиция қызметіне жолдама табысталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Alikhan Bokeikhan University-де өткен бітіру кешіне арналған салтанатты шара аясында құқық саласының үздік түлектеріне ерекше құрмет көрсетілді. Іс-шара барысында Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Елдос Закимов университеттің үздік 5 түлегіне Абай облысы Полиция департаментіне қызметке шақыру қағаздарын салтанатты түрде табыс етті.

Бұл – үздік білім көрсеткіші үшін берілген марапат қана емес, кәсіби даярлығы мен азаматтық ұстанымы жоғары жас мамандарға көрсетілген сенімнің нақты көрінісі. Қызметке шақыру қағазын табыстау – үздік түлектердің кәсіби даярлығы мен білім деңгейіне берілген сенімнің көрінісі әрі құқық қорғау органдарында қызмет етуге жасалған ресми ұсыныс болды.

Жас мамандарға құттықтау сөз сөйлеген полиция полковнигі Елдос Закимов бітірушілердің өміріндегі бұл күннің маңыздылығына тоқталып, олардың ендігі міндеті алған білімді ел игілігіне бағыттау екенін атап өтті.

«Бүгін – сіздердің өмірлеріңіздегі ерекше белес. Бұл күн – көп жылғы еңбектің жемісі ғана емес, елге қызмет ету жолындағы жаңа қадамның бастауы.

Алаш көсемі, ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзі әрбір заңгердің өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Себебі әділдік пен заңға адалдық ең алдымен адамның парасаты мен азаматтық ұстанымынан басталады.

Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Пайда ойлама, ар ойла» деген өсиеті де құқық қорғау саласының қызметкерлері үшін мәңгілік қағида. Ар мен адалдықты бәрінен биік қойған адам ғана қоғамның сеніміне ие болады», – деді Елдос Закимов.

Сонымен қатар ол Alikhan Bokeikhan University мен Абай облысы Полиция департаменті арасындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижелі дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, дуальды білім беру жүйесі студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беріп, болашақ полицейлердің кәсіби құзыретін қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда. Бүгінде білім алушылар полиция бөлімшелерінде өндірістік тәжірибеден өтіп, құқық қорғау қызметінің ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде меңгеріп келеді.

Үздік түлектерге қызметке шақыру қағаздарының табысталуы – жастардың кәсіби әлеуетіне берілген жоғары баға әрі білім мен тәжірибенің нақты нәтижесі. Бұл бастама құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін сапалы жас мамандармен толықтыруға, ал университет пен полиция арасындағы өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1254045?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version